Домбыраның ноталары

Ықылас

ЫхласЫқыласқа (1843—1916) атадан қалған мұра қара қобыз еді.

Оның әулеті жеті атасынан бері қолдарынан қобыз тастамай, бақсылық құрып, өз өнерін ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға жалғастырып отырған өнерлі жандар, болған. Ықыластың аталары қара қобыздың қасиеті мен сиқырлы үніне мейлінше сенген. Олар өз ұрпағының аман-саулығын, өсіпөрбуін сол құдіретті күшпен байланыстырып, жамандық пен зұлымдық атаулыдан сақтап қалушы да қара қобыз деп санаған. Ықыластың әкесі Дүкен бойындағы бар өнерін ұлына дарытуға тырысты. Бірақ Ықылас бақсылық дәстүрді қумай, күйшілік өнердің жолына түсті. Қобыз ол кезде тек қана бақсы-балгерлердің пайдаланатын құралы болса, Ықылас оны халықтың қуанышы мен сүйінішін, қайғысы мен күйінішін жырлайтын аспапқа айналдырды.

Ықылас творчествосы аспапты музыкамызда ежелден қалыптасқан дәстүрмен тамырлас. Оның «Шыңырау» мен «Жезкиік» күйлері ел арасына кеңінен таракан халық аңыздарының желісіне құрылса, «Қамбар» мен «Қазан» эпикалық дәстүрмен сабақтасып жатыр. «Кертолғау» мен «Қоңыр» аспаптық музыкамызда қалыптасқан осы аттас жанрларда шығарылса, «Ерден» мен «Айрауықтың ащы күйі» жоқтау дәстүріндегі күйлер болып табылады. Ықылас өз творчествосында халық арасында кеңінен тараған аңыз-әңгімелерді кеңінен қолданды. Өйткені, оларда халықтың ой-арманы мен мақсат-мұраты, дүниетанымы шынайы түрде бейнеленген.

Ықылас шығармаларындағы күй иірімдері мен сарын ортақтығы оның творчествосының стильдік біртұтастығын көрсетеді. Оның барлық күйлерінде тракты әуендік формулалар (қалыпқа түскен иірімдер) молынан кезігеді. Бұл әуендік иірімдер ғасырлар бойы бақсы ритуалдарында пайдаланылып келген болатын.

Әуендік иірімдер мазмұны мен ырғақтық өлшемі жағынан белгілі бір жүйеге түскенімен де, Ықылас күйлерінде олар жаңаша өрнектеліп, түрліше құбылып шықты. Оның шығармаларындағы кейбір буындар мен әуендердің қайталануын бақсы музыкасындағы сарындар мен зікірлердің қайталап орындалуымен салыстыруға болады. Ықылас қобыздың жаңа мүмкіншіліктерін аша түсіп, аспаптың ойнау тәсілдерін айтарлықтай дамытты.

Ежелден қалыптасқан дәстүрге сүйене отырып, Ықылас небір айшықты күйлер тудырып, артына өшпес мұра қалдырды. Оның творчествосы қобыз өнерінің шарықтау шыңының айғағы болып табылады.

Понравилось?! Поделись с друзьями:
Яндекс.Метрика